Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданындағы Қандыағаш қаласында орналасқан, жаппай улану орын алған мейрамхананың иесі мен басшысы амнистияға ілікті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бұған дейін маусым айында Ақтөбе облысында Қандыағаш қаласындағы мейрамханаға барғаннан кейін ішек инфекциясының белгілерімен Мұғалжар аудандық ауруханасы мен облыстық клиникалық инфекциялық ауруханасына 102 науқас жатқызылғаны хабарланған болатын.

Сол кезде полиция санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу белгілері бойынша (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 304-бабы) қылмыстық іс қозғады.

Кейін Қандыағаштағы мейрамханаға барғандардың ішінде ауруханаға жатқызылғандар саны артқаны белгілі болды. Мекеме жабылды.

Одан әрі санитарлық дәрігерлер Қандыағаштағы мейрамханадағы жаппай улануды тергеуді аяқтады. Тексеру стафилококк, ішек таяқшасы және бірқатар бұзушылықтарды анықтады. Нәтижелері құқық қорғау органдарына жіберілді.

Бүгін жаппай улану орын алған мейрамхананың иесі мен басшысы амнистияға іліккені белгілі болды.

«Қылмыстық іс жүргізу барысында мейрамхана басшылығы мен жеке кәсіпкер тағылған әрекетті жасағанына кінәсін мойындады. Сонымен қатар амнистия актісін қолдануға байланысты қылмыстық іс жүргізу тоқтатылды», — деп хабарлады NUR.KZ тілшісіне Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінде.