- 02 нау. 2021 00:00
- 213
Әл-Фараби және математиканың философиялық негіздеу мәселелері
IX-XV ғасырларда Шығыста математиканың қарқынды дамуы Европадағы қайта құру дәуіріндегі математика ғылымдары үшін дайындық болды. Еуропадағы қайта өрлеу дәуірінде Шығыс ғалымдарының алатын орны ерекше. Сол заманнан шыққан ғалымдардың ерекше дарынды, әлемге танылған, көптеген ғылыми еңбектер жазып, әлемге әйгілі болған Әбу Нәсір әл – Фараби.
Әл – Фарабидің математикалық трактаттары 1950 – 1960 жылдары Еуропа мемлекеттерінің архивтерінен ғана табылып, академик А. Машанов, профессор А. Көбесов секілді ғалымдардың еңбектерінде жарық көріп, көпшілікке таныла бастады.
Әбу Насыр әл-Фарабидей ұлы данышпанның бай мұрасын жан-жақты талдап, сарқа тану қиын. Өйткені оның зерттеу ауқымы кең, шығармашылығы сан-салалы. Өзін атақты философ, дарынды математик, кемеңгер ойшыл ретінде таныта білген ғұлама ғылымға шын беріліп, асқан жігері мен күш-қайратын жұмсап, еңбектенгендігі белгілі.
Әл-Фарабидің математикалық еңбектері: «Ғылымдар тізбегі» немесе «Ғылымдар классификациясы», «Алмагеске қосымша кітабы», «Евклидтің бастауының» бірінші және бесінші кітаптарының қиын жерлеріне түсініктеме», «Табиғат сырын геометриялық фигуралар арқылы танытарлық рухани әдістер». Бұлардан басқа да математикаға тікелей немесе жанама қатысы бар көп деректер ғұламаның «Музыканың үлкен кітабы», «Алмагеске түсініктемесі» атты еңбектерінде мол орын алған.
Екінші ұстаз өзінің "Ғылымдар классификациясы" атты кең көлемді еңбегінде бірінші бөлімді тіл туралы ғылымға, екінші бөлімді логикаға арнайды. Ал үшінші, ең көп тараудан тұраты бөлімі - математика. Тарауларын атап айтсақ: арифметика, геометрия, оптика, жұлдаздар туралы ғылым, музыка туралы ғылым, салмақтар туралы ғылым, шебер тәсілдер туралы ғылым. Ғұлама осылардың ішінде әсіресе геометрияға баса ден қойған. Геометрия саласының біразы әл-Фараби тұжырымдаған қағидалардан бастау алады. Мысалы, аналитикалық геометрияның Р. Декарттан бастау алатыны, дәлірек айтқанда – оны координаталар жүйесімен байланыстыратыны белгілі. Ал координаталар жүйесі туралы жазылған алғашқы мәліметті әл-Фарабидің трактатынан кездестірдік. Б. Наполеонның серігі, атақты ғалым Г. Монжды сызба геометрияның атасы деп жүрсек, сызба геометрия да Әл- Фарабидің зейініннен тыс қалмапты. Сызба геометрияда қайтымды кескіндер алудың үш тәсілінің біреуі аксонометриялық проекция болса, оны салуды да біздің ғұлама бабамыз жақсы білген.
Евклидтің бірінші және бесінші кітаптарының кіріспелеріндегі қиын тұстарға түсініктемелердің" араб тіліндегі түпнұсқасы сақталмаған. Әл-Фараби "кіріспе" деген сөзбен Евклидтің анықтамалардан, аксиомалардан және постулаттардан құралған "Негіздер" деген кітабының таныстырма бөлігін айтып отыр. Бұл еңбекте автор математика ғылымының физикадан өзгеше екенін алға тартады. Және Әл-Фараби Платонның математикалық ұғымдар тумасынан біткен қасиет деген дейтін идеалисттік көзқарасына қарама-қарсы Аристотельдің математикалық ұғымдар нақты дүниенің заттарын дерексіздендіру жолдарымен алынған дейтін материалдық тезисін қолдаған.
Орта ғасырларда мұндай ғылыми зерттеулер жүргізу, тек өз заманынан жүздеген жылдарға ой-санасы озып туған ғұламаның ғана қолынан келетін еді. Осы еңбектерді жеке-жеке қарастыра отырып Фарабидің аса көрнекті математик болғанына көз жеткіземіз.
Ғұлама Аристотельдің математиканың негізгі ұғымдарын қалыптастыруды математиктің емес, философтың құзырлық уәкілдігіне жатады деген ережесін дамытқан.
Мейрбек Баян Мұратбекқызы
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
Журналистика факультетінің 1 курс студенті