Алабама штатындағы сот New York Times газетін колледж баскетболшысы туралы жалған ақпарат таратқаны үшін 9,25 миллион доллар төлеуге міндеттеді. Бұл туралы infohub.kz хабарлайды.

Алабама университетінің ерлер командасында ойнаған Кай Спирс 2023 жылы газетке сотқа шағымданған еді. Газет тергеуге жақын дереккөзге сілтеме жасап, оның атыс оқиғасына қатысы бар көлікте болғанын жазған. Кейін New York Times редакторлық жазбада қателігін мойындап, мақаланы түзеткен.

Сегіз адамнан тұратын алқабилер тоғыз күнге созылған сот процесінен кейін үкім шығарды. Спирстің адвокаты Мэтт Гловер бұл шешімге риза екенін білдіріп, «бұл үкім бүкіл елдегі журналистиканы жақсартады» деп сенетінін айтты.

New York Times өкілі Чарли Штадтландер көңілі қалғанын жеткізді. «Алқабилердің Times газетін адал қателік үшін кінәлі деп тануы бізді ренжітті. Алқабилерге қызметі үшін алғыс айтамыз, бірақ бұл үкім мен өтемақы мөлшері заңға қайшы және дәлелдемелермен расталмаған деп есептейміз», — деді Штадтландер.

2023 жылдың қаңтарында болған атыс оқиғасында 23 жастағы әйел қаза тапқан. Мектептің тағы үш баскетболшысы сол жерде болған. Спирс өз шағымында жалған ақпарат оған эмоционалдық күйзеліс әкелгенін және оны мәңгілікке қанішермен байланыстырғанын айтқан.

Айта кету керек, New York Times соңғы 50 жылда АҚШ-та өз мақаласына байланысты жала жабу ісін жоғалтпаған еді.