Профессор Кәкен Қамзин алаяқтар жымқырған 32 миллион теңгенің толық жиналғанын хабарлады. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды.
Оның айтуынша, бір жарым ай бұрын алаяқтарға алданып, үйінен айырылып қала жаздаған. 5 шілдеден бастап ел ішінде «жылу» жинау басталып, осы уақытқа дейін көпшіліктің қолдауымен 9,5 миллион теңге түскен.
Бүгін, Қамзиннің сөзіне қарағанда, аты-жөнін атауды қаламаған бір азамат жетіспей тұрған 23 миллион теңгені қолма-қол әкеліп берген. «Бұл тек қаржылай көмек емес, сенімнің, бірліктің, мейірімнің шынайы көрінісі. Ол азаматқа Алла разы болсын!» – деп жазды профессор.
Жиналған қаражат сатып алушы отбасыға беріліп, үйді өз атына қайта рәсімдеу жұмыстары басталмақ.


