Абай облысында Алакөл көлінің жағасында орналасқан демалыс базасының әкімшілігі отбасына 100 мың теңге көлеміндегі алдын ала төлемді қайтарды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
ҚР Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің ресми сайтында хабарланғандай, 2026 жылдың тамыз айының басында отбасы Абай облысы Мақаншы ауданындағы Алакөл көлінің жағасында орналасқан демалыс базаларының біріне сапар шегуді жоспарлаған. Алайда отбасы мүшелерінің бірінің денсаулығына байланысты демалыстан бас тартуға мәжбүр болған.
Тұтынушылар демалыс базасындағы бөлмені брондау үшін алдын ала 100 мың теңге төлеген. Бірақ туындаған жағдайларға байланысты олар қызметті пайдалана алмай, орындаушыға брондауды болдырмау туралы хабарлаған.
Осыған қарамастан, демалыс базасының әкімшілігі ықтимал шығындар мен пайда таппау себептерін алға тартып, ақшаны қайтарудан бас тартқан.
ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңына сәйкес, тұтынушылардың құқықтарын шектейтін шарттарға сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) шарт бұзылған жағдайда көрсетілмеген тауар (жұмыс, қызмет) үшін төленген ақшаны қайтармау құқығын беру жатады.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында Абай облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті сотқа дейінгі талап-арызды дайындауға көмек көрсетіп, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтарды қорғау тәртібін түсіндірген.
Талап-арызды қарау нәтижесінде демалыс базасының әкімшілігі тұтынушылардың талаптарын ерікті түрде қанағаттандырып, алдын ала төленген ақшаны толық көлемде қайтарған.


