Соңғы үш күнде Алакөлде гидроциклдер мен катерлердің қатысуымен екі қайғылы оқиға болды. Бір оқиғада адам қаза тапса, екіншісінде зейнеткер әйел екі аяғынан айырылды, деп хабарлайды infohub.kz.

16 шілде күні кешке 69 жастағы алматылық әйел келе жатқан катердің астына түсіп қалды. Дәрігерлер оны шұғыл түрде Алакөл аудандық орталық ауруханасына ауыр аралас политравимамен жеткізді. Сол аяғы жұлынып, оң аяғы қатты жаншылған. Қан кету мен шок салдарынан өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлер екі аяқты да кесуге мәжбүр болды. 18 шілдедегі жағдай бойынша, науқас жансақтау бөлімінде; өте ауыр жағдайға қарамастан, оң динамика байқалады.

Жетісу облысының полициясы Алакөлдегі Көктума ауылында әйелді катердің қағып кетуі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Жағдайлар анықталуда.

Келесі күні, 17 шілдеде, көл акваториясында екі гидроцикл соқтығысты. Жетісу облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бір гидроцикл екіншісіне соғылып, апат салдарынан бір адам қаза тауып, тағы бір адам жарақат алды. Алакөл аудандық полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде.

Екінші оқиғадан кейін ТЖД қараңғы уақытта навигациялық шамдармен жабдықталмаған кіші көлемді кемелермен суға шығуға тыйым салынғанын еске салды. Жүзу маусымының басынан бері ведомство қызметкерлері Алакөлде күнделікті рейдтер жүргізіп келеді, ал 1 шілдеден бастап кіші көлемді кемелерді пайдалануға мемлекеттік бақылау жүзеге асырылуда. Судағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін 108 әкімшілік хаттама толтырылды.

Құтқарушылар катер мен гидроцикл иелерін талаптарды сақтауға шақырады: тыйым салынған уақытта суға шықпау, құтқару кеудешелерін пайдалану, құжаттары болуы және жолаушылар сыйымдылығынан асырмау.

Бір жыл бұрын Алакөлде катер жағадан 200–250 метр қашықтықта жүзіп жүрген 63 жастағы демалушыны қағып кеткен еді. Әйел алған жарақаттарынан көз жұмды.