Қазақстандықтар «Орда аймақ» және «Орда аймақ плюс» жеңілдікті ипотекалық бағдарламалары бойынша кеңес алып, құжаттарды Alatau City Bank бөлімшелерінде тапсыра алады. Тиісті ынтымақтастық келісімін «Қазақстандық Тұрғын үй компаниясы» («Бәйтерек» холдингінің еншілес құрылымы) және банк жасасты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Келісім аясында Alatau City Bank әлеуетті қарыз алушыларға бағдарламалардың шарттары бойынша кеңес беріп, қажетті құжаттарды қабылдап, тексереді, несие өтінімдерін рәсімдеп, одан әрі қарау үшін ҚТК-ға жібереді. Бұл азаматтарға тұрғын үй несиесін алу процесін ыңғайлы әрі қолжетімді етеді.

«Банк-серіктестермен ынтымақтастық азаматтарға тұрғын үй несиесін алу процесін ыңғайлы әрі түсінікті етуге мүмкіндік береді. Келісім аясында Alatau City Bank-тің өңірлік кеңселері әлеуетті қарыз алушылармен өзара іс-қимылдың қосымша нүктесіне айналады – кеңес беруден бастап құжат қабылдауға дейін, қажетті шарттарды рәсімдеуге дейін», – деп атап өтті ҚТК басшысы Алтай Құздібаев.

«Орда аймақ» және «Орда аймақ плюс» бағдарламалары Астана, Алматы және Шымкенттен басқа Қазақстанның барлық өңірлерінде ҚТК кепілдігі бар үлестік қатысумен салынып жатқан барлық нысандарға қолданылады. «Орда аймақ» бағдарламасы бойынша мөлшерлеме жылдық 15,9% құрайды (НАС 16,97%-дан 18,32%-ға дейін). «Орда аймақ плюс» үшін НАС бастапқы жарнаға байланысты 11,70%-дан 16,20%-ға дейін өзгереді. Екі бағдарлама бойынша да бастапқы жарна кемінде 20% болуы керек, несие сомасы – 2-ден 75 миллион теңгеге дейін, мерзімі – 24-тен 240 айға дейін (20 жылға дейін).

Еске салайық, мамыр айында «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» құрылыс салушыларға үлескерлердің қаражатын меншікті кепілдікпен және жаңа «Орда Аймақ» ипотекасымен тартуды ұсынатыны белгілі болды. Сонымен қатар, 1 қыркүйектен бастап «Орда аймақ» ипотекасының шарттары өзгереді: оны қосымша мүлік ұсынбай-ақ, салынып жатқан пәтердің өзін кепілге қою арқылы алуға болады. Маусым айынан бастап елімізде салынып жатқан тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлерді сатып алуға бағытталған «Орда Аймақ Плюс» өңірлік бағдарламасы да жұмыс істейді.