Қазақстан Бас прокуратурасы азаматтарды интернет-алаяқтықтың жаңа схемасы туралы ескертті: қылмыскерлер өздерін eGov қызметінің қызметкерлері ретінде таныстырып, қоңырау шалып жүр. Соңғы бір айдың ішінде осындай 30-ға жуық оқиға тіркелген, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қадағалау органының дерегінше, қоңырау кезінде алаяқтар адамға оның атына электрондық цифрлық қолтаңба жасалып жатқанын не өзге де әрекеттер жүргізіліп жатқанын айтады. Кейін әңгімеге сыбайластары қосылып, заңсыз кредит рәсімделуінің алдын алу сылтауымен зардап шеккендерді өздері көрсеткен шоттарға ақша аударуға көндіреді.

Бас прокуратура нақты мысал келтірді. Тараз тұрғынына өзін «eGov» қызметкері деп таныстырған бейтаныс адам қоңырау шалып, оның атына ЭЦҚ шығарылғанын хабарлаған. Кейін онымен WhatsApp арқылы басқа адамдар байланысып, оның атына жеті банкте кредит рәсімделгенін мәлімдеген. Алаяқтардың айласына алданған әйел үшінші тұлғалардың шоттарына 2 млн теңгеден астам ақша аударған. Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Бас прокуратура қазақстандықтарды сақ болуға шақырады. «Мемлекеттік органдар мен сервистердің қызметкерлері телефон арқылы ақша аударуды, кредит рәсімдеуді не қаражатты «қауіпсіз шоттарға» аударуды талап етпейді. Бейтаныс адамдарға SMS-кодтарды, құпиясөздерді, банк карталарының деректері мен ЭЦҚ-ны хабарламаңыз, бейтаныс адамдардың нұсқауымен ақша аудармаңыз. Күдікті қоңырау түскен жағдайда әңгімені тоқтатып, тиісті мемлекеттік органға немесе банкке ресми байланыс арналары арқылы өзіңіз хабарласыңыз», — деді қадағалау органында.