Албанияда 28 қарашада атап өтілген Тәуелсіздік күні наразылық білдірушілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кезекті қақтығысына ұласты: зардап шеккендер бар, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Politico басылымының мәліметінше, елдегі студенттер бірнеше айдан бері премьер-министр Эди Раманың отставкаға кетуін талап етіп келеді. Ұлттық мереке күні наразылық білдірушілер Тиранада қайтадан митингке жиналды, ол тәртіпсіздікке ұласты.

Акцияға қатысушылар полицейлерге тас пен өрт қоспасы құйылған бөтелкелерді лақтырып, полиция көліктерін таяқпен ұрып, үкімет ғимаратының терезелерін сындырды. Бұған жауап ретінде қауіпсіздік күштері су атқыштар мен жасанды көз жасауыш газды қолданды.

NEXTA телеарнасының дерегінше, наразылық білдірушілер үкіметті жемқорлық, кедейшілік және жаппай эмиграция үшін айыптап, премьер-министр Эди Раманың отставкаға кетуін талап етті. Полиция резеңке оқ пен су атқыштармен жауап беріп, тәртіпсіздіктің үкімет басшысының кеңсесіне жетуіне жол бермеді. Сонымен қатар құқық қорғау қызметкерлері жасанды көз жасауыш газ құйылған канистрлерді тобырға тастау үшін дрондарды пайдаланды.

Бірнеше наразылық білдіруші мен журналист, сондай-ақ полиция қызметкерлері зардап шеккені белгілі. Неміс ARD телеарнасына сілтеме жасаған Deutsche Welle (DW) ақпаратына қарағанда, адамдар акцияға қатысу үшін Тиранаға елдің басқа аймақтарынан және тіпті шетелден келген. Зардап шеккендердің саны шамамен 35 адам.

Наразылық білдірушілер 29 қарашада да әрекеттерін жалғастыруға ниетті екенін мәлімдеп, «қала орталығын бүкіл демалыс күндері іс жүзінде салдандыруға» тырысуда.

Бұған дейін Албаниядағы студенттер оқу қымбаттығына, сабақ өткізуге арналған нашар жағдайларға, сондай-ақ мамандығы бойынша жұмыстың жоқтығына наразылық білдіргені хабарланған. Ел премьері Эди Рама наразылық қозғалысы аясында отставкаға кетуге ниеті жоқ екенін мәлімдеді.