Қазақстанның ерлер арасындағы жеке сында екінші ракеткасы Александр Шевченко Гштаадтағы топырақ кортындағы АТП 250 турнирінің екінші айналымында жеңіске жетті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

АТП рейтингінде 100-орында тұрған спортшы швейцариялық Доминик Штефан Стрикермен кездесті. Ол әлемде 360-ракетка және арнайы шақыртумен негізгі торға өткен болатын. Матч 16 шілдеде басталып, жаңбырға байланысты үзіліп, келесі күні аяқталды. Шевченко 7:6 (тай-брейкте 7:5), 6:2 есебімен жеңді.

Теннисшілер кортта 1 сағат 28 минут өткізді. Осы уақыт ішінде қазақстандық тоғыз эйс жасады, төрт қос қателік жіберді және төрт брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды.

Ширек финалда Шевченко АТП рейтингінде 90-орында тұрған француз Кентен Алиспен кездеседі. Алис екінші айналымда турнирден Александр Бубликті шығарып тастады.