Әлемнің ең кішкентай алты қаласы
Үлкен қаланың у-шуынан шаршаған адам бір танысын кездестірмейтіндей қайда кетіп қалуына болады?
PhinDeli (Буфорд), Вайоминг, АҚШ 1. Бір адам тұрады
Бұл қаланың атағы көп уақыт бойы бір ғана тұрғыны болғанымен шыққан. Дон Сэммонс – қала мэрі, аула сыпырушы, жанармай құюшы және жергілікті дүкеннің сатушысы. Ол Буфорд қаласына 1980 жылы отбасымен бірге келген, жұбайы қайтыс болғаннан кейін ұлы екеуі тұрған. 2008 жылы ұлы көшіп кетіп, мэр жалғыз қалды, ал 2012 жылы қаланы сатуға шығарды.
Үймен бірге 1905 жылы салынған мектеп ғимараты, жанармай бекеті, көлік гаражы, сарай және бір кездері атақты қарақшы Бутч Кэссиди тонамақ болған дүкен сатылып кете барды. Он бес минутқа созылған аукционның жеңімпазы – Вьетнамдық кәсіпкер, ал келісім құны - 900 мың доллар болды. Жаңа иесі қаланың Буфорд атауын PhinDeli деп өзгертіп, АҚШ-та Вьетнам кофесін танымал ету жөніндегі бизнеспен айналыса бастады. Дон Сэммонс болса, бұрынғы өз қаласына қосымша мэр болып ресми жұмысқа қабылданды.
Буфорд Вайоминг штатында, Шайенжәне Ларами қалаларының ортасында, Interstate 80 автокөлік жолының бойында орналасқан. Қалашық 1860 жылдары Құрлық аралық темір жол құрылысы жүріп жатқан кезеңде пайда болған. Кей кезеңдерде мұнда екі мың адамға дейін тұрған. Магистраль бағыты өзгергеннен кейін қала тұрғындарының саны күрт кеми бастады.
Не іздеп барамыз: Бұл арадан қағазға жазылған хат немесе естелік SMS жіберудің өзі неге тұрады: қалашықтың дербес почта индексі және ұялы байланыс мұнарасы бар.
Хум, Хорватия 2. 23 адам мекендейді
Бұл ортағасырлық қамал-қала әлемдегі ең кішкентай қала болып Гиннестің рекордтар кітабына енген. Ол Истрия түбегінің орталық бөлігінде, бір жотаның басында, 349 м биіктікте орналасқан. Аңыздарға сүйенсек, Хумды алып адамдар алып тастардан салған. Қала мәртебесін сонау ХІ ғасырда иемденген елді мекеннің өз мэрі, полициясы, дәрігері, соты мен өрт сөндірушісі бар. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары мұнда 450 адам мекендеген.
Хумда ХІІ ғасырға жататын фрескалар жақсы сақталған, одан бөлек 13 үй, 2 көше, 2 ғибадатхана, дүкен, почта, зират, мейрамхана және қонақүй бар. Жыл сайын маусым айының ортасында қалада мэр сайлауы өтеді, оған тек ер адамдар қатысады. Сайлаудың аяғы би фестиваліне ұласады.
Не іздеп барамыз: Тарихи қаланы көруге.
Стржела үстіндегі Рабштейн, Чехия 3. 25 тұрғыны бар
Көне, әдемі, Чехияның да, бүкіл Орталық Еуропаның да ең кішкентай қаласы Стржела үстіндегі Рабштейн қала мәртебесін 1337 жылы алған. Мұнда бір ғана көше мен бір алаң бар. Ең танымалы – XIV ғасырға жататын готика стилінде салынған қамалдың қирандылары, барокко стиліндегі қамал және көне костел. Одан бөлек, еврейлер зираты, көне тас көпір, тоқтап қалған ағаш диірмен, қонақүй және атқора бар.
Рабштейннің атын шығарған – осы арада өндірілетін сланец. Оны әлі де жергілікті үйлердің шатыр жабынынан көруге болады. үйлердің көбін тұрғындар жазда ғана пайдаланады.
Не іздеп барамыз: Тәрбиелі еврей елестерін іздеуге – қамалда демалыс үйі жұмыс істейді.
Мелник, Болгария 4. 390 адам мекен етеді
Мелник Болгарияның ең кішкентай қаласы болып саналады. Алайда, ХХ ғасырдың басында ғана мұнда 5 мың адам өмір сүрген (негізінен гректер). Қалашықтың атауы маңындағы бор жартастардан шыққан. Мельниктегі – бүкіл Болгариядағы да –ең көне ғимарат – ХІІІ ғасырға жататын Бояр (Византия) үйі. Қалашықта жалпы жүзге тарта мәдени ескерткіш бар, ең қызықтылары – ХІІ ғасырдағы Николай монастырі, Петр және Павел апостолдар шіркеуі, Рим көпірі және көне түрік моншасы. Әйтсе де, Мельниктің атын шығарған – фольклор фестивальдері және ежелгі технология бойынша әзірленетін қолдан жасалған шарап. Шарап құйылған үлкен бөшкелер жартас қуыстарында сақталады.
Не іздеп барамыз: Өзіңізді уақыт тереңіне сапар шеккен жолаушы сезіну үшін: мұнда Орта ғасырдан бері көп ештеңе өзгермеген. Оның үстіне, Мельникте алып платан және шынар ағаштары өседі, кейбіреулерінің жасы жүздеген жылға жетеді.
Калласте, Эстония 5. 953 адам мекендейді
Эстонияның Калласте (эстон тілінен аударғанда — «жағалау») қаласы Чуд көлінің жағасында орналасқан. 1923 жылға дейін қаланың атауы маңындағы қызыл құм шоқыларына қарап Қызылтау болған. Калластенің іргетасы XVIII ғасырда қаланған, 1938 жылы қала мәртебесі берілген. 72% орыстар құрайтын тұрғындарының көбі балық аулаумен айналысады. Қаланың ауданы екі шақырымға да жетпейді.
Құм төбелерінен бөлек, Калластенің атын ескі салтты ұстанушылар шіркеуі және кеңес әскерлерінің бауырластар қорымы шығарған. Бұл – елдегі ең кедей қала, Калласте мэрінің деректеріне сүйенсек, мұнда «балалардың 40,8% салыстырмалы түрде кедей тұрады» екен.
Не іздеп барамыз: Жай, көріп қайту үшін)
Дюрбюи, Бельгия 6. 11 мың тұрғыны бар
Дюрбюи — Бельгияның құртақандай ғана, тұрғындары француз тілінде сөйлейтін қалашығы. Қала мәртебесін 1331 жылы иеленгенімен, Дюрбюи аты алғаш рет ХІ ғасырда аталады. Қалашықта үш геологиялық аймақ бар, шалғын, жазық дала, тау, орман, Урт өзенінің ландшафтары ерекшелігімен көз тартады. Қалашық туристер есебінен күнелтіп отыр және ортағасырлық атмосферасын: тас төселген тар көшелерін, тастан салынған үйлерді, Николай шіркеуін, 1380 жылғы Нан базарын және 889 жылы салынған көне қамалды көзінің қарашығындай сақтайды. Дюбюиға алғашқы туристер XIX ғасырда келе бастады, содан бері қала түрленіп, инфраструктурасы дамыды, қазір мұнда қонақүйлер, мейрамханалар, дәмханалар мен кәдесый сататын дүңгіршектер бар.
Не іздеп барамыз: Мұнда ат жегілген пәуескемен серуендеп, Урт өзенін бойлай рафтпен түсіп, Топиари шағын бағындағы сурет сала отырғызылған ағаштарды аралап серуендеп қайтуға болады. ең маңыздысы – мұнда сіз бір де бір танысыңызды кездестірмейсіз.