Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев Түрікменстанда өткен Каспий экологиялық саммитінде сөйлеген сөзінде Каспий теңізінің жедел тартылып бара жатқанын мәлімдеп, апатты салдарлар туралы ескертті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Әзірбайжан басшысы Каспийдің ең ауыр мәселелерінің бірі ретінде оның деңгейінің төмендеуін атады. «Каспий теңізінің деңгейі көп жылдан бері төмендеп келеді. Өкінішке қарай, соңғы уақытта бұл үдеріс айтарлықтай жеделдеп, жағдай нашарлай түсуде. Су алабының айтарлықтай қысқаруы байқалады. Теңіз бетінің жалпы ауданы 20 мың шаршы шақырымнан астамға азайды. Қазіргі үрдіс сақталса, салдарлары апатты сипатқа ие болуы мүмкін», — деп келтіреді Әлиевтің сөзін Report.az сайты.
Әзірбайжан президентінің айтуынша, тартылу мәселесі тек экологиялық өлшеммен шектелмейді. Ол Каспий деңгейінің төмендеуі тек климаттық өзгерістерге байланысты емес екенін атап өтті: басты себептердің бірі — өзен ағынының азаюы, сондай-ақ шаруашылық қызметтен туындаған антропогендік факторлар.
«Теңіз деңгейінің төмендеуі мемлекеттеріміздің мүдделеріне тікелей әсер етеді, жағалаудағы аудандардағы адамдардың өміріне, экономикаға, көлікке ықпал етеді. Жағалау сызығының шегініп бара жатқанын, экожүйенің өзгергенін, порттар мен жағалау инфрақұрылымының басқа да нысандарының жұмысында қиындықтар туындағанын көріп отырмыз. Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі салдарынан тек Әзірбайжан бөлігінде ғана 30 мың гектарға жуық құрлық пайда болды», — деді Ильхам Әлиев.


