Өзбекстандық Alif Moliya финтех-компаниясы Қазақстанда сукук ислам облигацияларын шығаруға дайындалып жатыр. Бұған экономист Арман Батаев назар аударды. Жоспарды жүзеге асыру үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) Alif Moliya Sukuk SPC Ltd. арнайы құрылымы тіркелді. Ол бағалы қағаздарды орналастыратын эмитент компания ретінде әрекет етеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ташкенттік Alif Moliya Өзбекстан нарығында 2019 жылдан бері жұмыс істейді және халықаралық Alif Capital Group (Ұлыбритания) тобына кіреді. Компания аймақта электрондық коммерция мен BNPL («қазір сатып ал, кейін төле») моделі бойынша тұтынушылық қаржыландыру саласында көш бастап тұр.

Фирма барлық қаржылық қызметін ислам қаржыландыру қағидаттарына қатаң сәйкес ұсынады — атап айтқанда, Alif Nasiya бөліп төлеу сервисі арқылы.

KPMG зерттеуінің дерегінше, Alif Nasiya мен Uzum Nasiya сервистері Өзбекстандағы бөліп төлеу нарығының үштен екісін алып отыр. Ал Alif Moliya-ның өз есебі бойынша, оның Alif Nasiya платформасы жергілікті BNPL-сатып алу нарығының 35%-дан астамын қамтиды.

Финтех-компания халықаралық капитал нарығында тәжірибесі бар: 2025 жылдың сәуірінде Alif Moliya сукук шығарған тұңғыш өзбекстандық ұйым атанды. Сол кезде кәсіпорын 50 млн долларлық жалпы бағдарлама аясында Люксембург қор биржасында 5 млн долларлық облигация орналастырды. Енді компания қарыз алу географиясын кеңейтіп, АХҚО алаңдарын пайдалануды жоспарлап отыр.

Бұған дейін «Курсив» Alif Пәкістанда банктік емес кредиттік ұйым лицензиясын алып, елде бизнесті белсенді дамытуға кіріскенін жазған болатын.