Ұлытау облысында алимент төлемеген 22 борышкер анықталды. Олар өз балаларына қаражат бөлудің орнына букмекерлік платформаларда ставка жасаған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бас прокуратураның ресми Telegram-арнасының мәліметінше, ата-аналық міндеттерін орындамай, алимент бойынша қарызы бар тұрғындар ойын шоттарын толықтырып, ставка жасап, ұтыс алып отырған.

Мәселен, бір борышкердің алимент бойынша берешегі 3,9 млн теңге болған. Ол 2020 жылдан бері букмекерлік кеңседе тіркеліп, жеке шотына 4,6 млн теңге аударып, 3,1 млн теңге ұтыс алған. Ал балаларын асырауға қаражат бөлмеген.

Анықталған деректер бойынша Қылмыстық кодекстің 139-бабы (Балаларды асырауға арналған қаражатты төлеуден жалтару) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.