Батыс Қазақстан облысында колледж студенті мен оның әкесі алимент дауын бейбіт жолмен шешті: ер адам оқу кезеңінде ұлына ай сайын 40 мың теңге төлейтін болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Батыс Қазақстан облыстық соттарының ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, Қазталов аудандық соты ұлының әкесіне оқу кезеңінде алимент өндіру туралы талап арызын қарады.
Талап қоюшы күндізгі бөлімде колледжде оқитынын мәлімдеп, әкесінен оқу уақытында алимент өндіруді сұрады.
Істі мәні бойынша қарауға дейін татуластырушы судья татуластыру рәсімін жүргізіп, тараптарға дауды бейбіт жолмен шешу мүмкіндігін түсіндірді.
Нәтижесінде тараптар бітімгершілік келісім жасап, оны сотқа бекітуге ұсынды.
Келісім шарттары бойынша әкесі 2026 жылғы 25 қыркүйектен 2027 жылғы 25 маусымға дейін ұлына ай сайын 40 мың теңге төлеуге міндеттенді. Келісім жасалғаннан кейін талап қоюшы талабынан бас тартты.
Сот тараптардың келісімін бекітіп, іс бойынша іс жүргізуді тоқтатты және тараптарға құқықтық салдарларды түсіндірді.
Сот ұйғарымы заңды күшіне енген жоқ.


