Қазақстандық боксшы Жәнібек Алимханұлы суперорта салмақ дәрежесіне өткеннен кейін мексикалық Сауль «Канело» Альвареске үндеу жасады, деп хабарлайды infohub.kz.
Алимханұлы Instagram Stories-те «Канелоға» арналған жазба жариялады: «„Канело“, мен сенің салмағыңа көштім! Сенімен арада жабылмаған мәселе бар».
Бұған дейін қазақстандық боксшы өз парақшасында жаңа салмақ дәрежесіне өтетінін мәлімдеген еді. Ол орта салмақта белбеулерді жеңіп алғанын және әрі қарай жылжуды көздейтінін айтты: «Біз бұл жолды суперорта салмақта жалғастырамыз! Бұл дәрежеде атақты боксшылар аз емес. Бұрын менің салмағымда өнер көрсеткен көптеген боксшы қазір суперорта салмақта жүріп, чемпион атанып жатыр. Ендеше, оларды да аздап мазалайтын кез келді».
Еске салайық, осыған дейін Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) басшысы Густаво Оливьери The Ring басылымына Алимханұлының орта салмақтағы WBO титулынан бас тартып, суперорта салмаққа көшетінін мәлімдеген болатын.


