Қазақстандық балуан Алинур Төлеуғали Бакуде өтіп жатқан 17 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды infohub.kz.
Спортшы 71 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Жұбаныш раундында молдовандық Богдан Толмачи мен украиналық Роман Иванюкті жеңіп, қола үшін белдесуде ирандық Эсмаил Захердусты сенімді түрде ұтты.
Тағы бір қазақстандық Қуанышбек Жанажол (51 кг) репешаж арқылы медаль алуға үмітті еді, алайда екінші жұбаныш раундында армяндық Геворг Арутюняннан ұтылып қалды.
Қазақстанның грек-рим күресі бойынша жасөспірімдер құрамасы әлем біріншілігін үш медальмен аяқтады. Бұған дейін Дияр Аманали (55 кг) алтын, ал Әли Алмас (48 кг) күміс жүлдеге ие болды.
Қыздар арасындағы жарыста Айша Әбдімәлік (65 кг) финалға шығып, монғолиялық Ариунзул Болдбаатармен кездеседі. Аянат Мейнамбай (49 кг) жартылай финалға дейін жетіп, украиналық Олена Колубайдан ұтылды; енді ол қола үшін белдеседі, қарсыласы кейін анықталады. Бағжан Құрманбай (73 кг) да медальға үмітін сақтап отыр – жұбаныш раундында испандық Паула Бенайша Переспен кездеседі. Данара Даирбекова (43 кг) мен Арина Қуанышова (57 кг) бастапқы кезеңде жеңіліп, жүлдеге таласудан шығып қалды.
17 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионаты Бакуде (Әзірбайжан) 27 шілде мен 2 тамыз аралығында өтуде. Оған 675 спортшы қатысып, 30 жүлде жиынтығы сарапқа салынады (грек-рим, еркін және әйелдер күресінен он-оннан).


