vlast.kz
- 31 шіл. 2024 16:08
- 719
Алматыдағы ең үлкен базар жабыла ма: Әкімдік жауап берді
Алматы қаласының қала құрылысы және урбанистика басқармасы «Жетісу» («Семиречье») базарының тағдыры туралы ресми жауап берді, деп хабарлайды Infohub.kz тілшісі. Базар Құлжа тракты бойында орналасқан.
«Жетісу - Семиречье» базары Алматының ең үлкен «барахолка» базары болып табылады. Саудагерлер арасында базардың сүрілетіні туралы сыбыстар көптен бері таралған. Айтуларынша, базардың аумағын құрылыс компаниясы сатып алып, сол жерде тұрғын үй кешенін салмақшы.
Tengrinews.kz тілшісінің ресми сауалына жауап берген Алматы қаласының қала құрылысы және урбанистика басқармасы базардың сүрілмейтінін мәлімдеді.
«Алматы қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы No 4/725 қаулысымен бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, аталған базар қоғамдық аймақта орналасқан О-5 («сауда кәсіпорындары, қоғамдық тамақтану, тұрмыстық және коммуналдық қызмет көрсету») аймағында орналасқан. Жоспарлау жобасы бойынша «Жетісу» базарын сүру қарастырылмағанын хабарлаймыз», - деп мәлімдеді қала құрылысы және урбанистика басқармасы.
Айта кетейік, Алматыда шамамен 60 базар жұмыс істейді. «Жетісу» - ең танымал базарлардың бірі. Сондай-ақ, «Зеленый базар», «оптовка», көптеген «барахолка» базарлары және мегаполиске жақын орналасқан «Алтын орда» базары да танымал әрі аңызға айналған орындар.