Жаңа оқу жылы қарсаңында Алматы билігі жол жағдайына, қоғамдық көлік жұмысына және мектеп маңындағы қауіпсіздікке бақылауды күшейтпек, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қаланың оқу жылына дайындығына арналған кеңейтілген аппараттық кеңес өткізді. Негізгі назар көлік жағдайына, балалар қауіпсіздігіне және жол құрылысы жұмыстарының барысына аударылды.
Қала басшысы жауапты қызметтерге күшейтілген жұмыс режиміне көшуді тапсырды. Қыркүйектің алғашқы күндерінде қоғамдық көліктің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, кептелістерге жедел ден қою және жолдардың негізсіз жабылуына жол бермеу қажет.
Мектеп маңындағы учаскелерге ерекше назар аударылады. Сатыбалды жол жағдайын бақылауды күшейтіп, ең көп жүктелген учаскелерде қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.
Тиісті басқармалар, аудандық әкімдіктер және полиция департаменті жолдардағы ахуалды үнемі бақылап, қаладағы жағдайды ескере отырып, жедел шешімдер қабылдауы тиіс.
Бұған дейін Алматыда оқу жылының басында қоғамдық көлік жұмысы күшейтілетіні хабарланған болатын. Қыркүйектің алғашқы екі аптасында қосымша 500-ге жуық автобус маршрутқа шығады, ал метро пойыздарының саны 11-ден 13-ке дейін артады. Мектеп оқушыларын тасымалдауға 300 автобус жұмылдырылады, олар 60 мектепке және 13 мыңнан астам балаға қызмет көрсетеді. 1-5 қыркүйек аралығында әкімдік қызметкерлерінің бір бөлігі қашықтан жұмыс істеуге көшеді, ірі компанияларға да қашықтан жұмыс немесе икемді жұмыс кестесін қарастыру ұсынылды.
Сонымен қатар, Алматы полициясы қала тұрғындарын 1 қыркүйекте жеке көліктерінен мүмкіндігінше бас тартуды сұраған болатын. Оқу жылының алғашқы күндерінде тәртіпті қамтамасыз етуге 700-ге жуық полицей және 130-дан астам патрульдік экипаж жұмылдырылады, ал мектеп маңында стационарлық бекеттер мен мобильді патрульдер жұмыс істейтін болады.
2026-2027 оқу жылында Қазақстанда 8 048 мектеп жұмыс істейді, ал оқушылар саны 4,1 миллионнан асады, оның ішінде 380 мыңнан астам бірінші сынып оқушысы бар. Қаңтар-шілде айларында елімізде 18 090 орындық 32 жаңа мектеп пайдалануға берілді.


