«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының баспасөз қызметі Алматы-1 вокзалындағы жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын екенін хабарлап, нысанның қазіргі көрінісін көрсетті, деп жазады infohub.kz сайты.
Компания дерегінше, Алматы-1 вокзалы ашылуға дайындалып жатыр: ғимарат пен айналасындағы аумақты жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын. Баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңартылған ғимараттың ауданы 17 мың шаршы метрден асады.
«Ішінде жолаушылар кеңістігін ұйымдастыру қайта қаралды, күту залы кеңейтілді, жаңа эскалаторлар, лифтілер мен ақпараттық таблолар орнатылды. Ғимаратқа заманауи инженерлік жабдық орнатылып жатыр. Нысанның қозғалысы шектеулі жолаушыларға қолжетімділігіне және балалы жолаушыларға қолайлылығына ерекше көңіл бөлінуде. Ғимараттың төменгі бөлігінде, өткелде коммерциялық үй-жайлар орналасады», — деді компанияда.
Жолаушыларға модульдік қонақ бөлмелері қарастырылғаны, сондай-ақ теміржол мұражайы ашылатыны хабарланды. Вокзал алдындағы аумақ та өзгереді.
«Тұрақ аймағының орнына ағаштар мен гүлзарлар орналасқан абаттандырылған аллея салынуда. Мұнда орындықтар мен демалыс аймақтары пайда болады, ақпараттық табло орнатылады. Аумақ вокзалдың жолаушылар кеңістігінің жалғасы әрі қолайлы қалалық аймаққа айналады. Конкорс жаңартылуда: құрылымы күшейтіліп, шыны элементтер қолданылуда. Ғимаратта заманауи материалдар пайдаланылып, шатыры мен қасбеті жаңартылды, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде», — деп қосты баспасөз қызметі.
Компанияда нысандағы жұмыстар тәулік бойы жүргізіліп жатқанын айтады. Күндізгі ауысымда 407 адам, түнгі ауысымда 68 адам жұмылдырылған. Нысанда арнайы техника жұмыс істеуде.


