Алматы халықаралық консалтингтік компания Boston Consulting Group (BCG) әзірлеген «Ақылды қалалар индексі 2026» (Intelligent Cities Index 2026) атты алғашқы әлемдік рейтингке қатысты, деп хабарлайды infohub.kz.

Зерттеу қалалардың тұрмыс сапасын жақсарту, экономиканы ынталандыру және қалалық басқаруды оңтайландыру үшін жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қалай қолданатынын бағалайды. Сарапшылар тек цифрландыру деңгейін ғана емес, технологиялардың тұрғындарға тигізетін практикалық пайдасын да ескерді.

Қазақстандық мегаполис әлемнің 61 ірі қаласы арасында 62 ұпай жинап, 38-орынға ие болды. Осылайша Алматы Стамбул (52-орын, 55 ұпай), Дели (43-орын, 59 ұпай), Милан (41-орын, 61 ұпай), Варшава (47-орын, 58 ұпай) және Мехико (53-орын, 55 ұпай) секілді ірі қалаларды артта қалдырды. Рейтингте Алматы Токио, Гонконг және Джакартамен қатар орналасты.

Рейтингті құрастыру барысында BCG мамандары тұрғындарға арналған нәтижелер, даму стратегиясы, цифрлық қызметтер мен жасанды интеллектті енгізу, басқару тиімділігі, сондай-ақ инфрақұрылым, қаржыландыру және кадрлық әлеует сияқты бес бағытты талдады. Зерттеу қорытындысы бойынша Алматы «дамушы қалалар» санатына жатқызылды – яғни цифрлық ортаны жетілдіруді және заманауи технологияларды қолдануды кеңейтуді жалғастырып жатқан қалалар.

Intelligent Cities Index 2026 көшбасшысы – Лондон. Одан кейін Дубай, Нью-Йорк, Вашингтон және Амстердам тұр. BCG-ның пікірінше, бұл қалалар қалалық ортаны дамыту үшін жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды барынша сәтті қолданады. Авторлар атап өткендей, нағыз «ақылды» қала – технологиялар көп енгізілген қала емес, цифрлық шешімдер тұрғындарға шынымен көмектесетін, қызметтерді ыңғайлы ететін және экономикалық өсуге ықпал ететін қала.

Бұған дейін «Курсив» басылымы Алматының QS Best Student Cities 2027 әлемдік рейтингінде Орталық Азиядағы үздік студенттік қала деп танылғанын хабарлаған болатын.