Алматы әкімдігі 2026 жылы қаладағы жасыл желектерді суғаруға қанша қаражат жұмсалғанын жарияламады. Өткен жылдың жазында әлеуметтік желілерде бұталар мен ағаштардың ылғалсыз қурап жатқаны туралы көптеген хабарлама тарады. Kursiv LifeStyle басылымы суғару жүйесінде қандай өзгерістер болғанын анықтады, алайда журналистік сауалдың бір бөлігі әкімдікте жауапсыз қалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы 2026 жылғы 1 сәуірден бастап көшелер мен ондағы өсімдіктер «бір аудан — бір мердігер» қағидаты бойынша күтілетінін түсіндірді. Осы модель аясында қаланың барлық 739 магистральдық көшесі «Алматы тазалық» мемлекеттік кәсіпорнына, ал екі мыңнан астам аулаішілік және аудандық көше жеке мердігерлерге берілді. Олардың жұмысын аудандық әкімдіктер мен басқарманың өзі бақылайды.
Әкімдікте ағаштар, шөп пен бұталар тек 16-20 шілде аралығында, ауа температурасы +42 °C-қа дейін көтерілген кезде қурағанын мәлімдеді.
«Аталған кезеңде жекелеген шағын учаскелерде жоғары температуралық жүктемеге байланысты газон жамылғысының сарғаю белгілері байқалды. Осыған байланысты қалада жасыл желектерді суғару және күту шаралары күшейтілді. Қазіргі таңда аталған учаскелердің жай-күйі қалпына келтірілді, газон жамылғысы қайтадан тиісті сыртқы түрге ие», — делінген ресми жауапта.
Журналистер өз сауалында Алматыда 2026 жылы суғаруға қанша қаражат бөлілгенін де сұраған болатын. Бұл сұрақ назардан тыс қалды.


