Алматыда соңғы екі күнде айлық жауын-шашын нормасының 76%-ы түсті, алайда қалада жаңа су басқан учаскелер тіркелген жоқ. Бұл туралы мегаполис әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.

Хабарламаға сәйкес, Алматыда жаңбыр 10 қараша күні кешке басталған. «Қазгидромет» РМК дерегінше, 11 қарашада сағат 21:00-дегі жағдай бойынша қалада 42 мм жауын-шашын түскен, бұл айлық норманың 76%-ын құрайды.

«Алматы коммуналдық инфрақұрылым басқармасы мен тұрғын үй инспекциясының мәліметінше, бұған дейін қалада жергілікті су басудың сегіз учаскесі анықталған. „Алматы Тазалық“ МКК күшімен арық жүйесі мен өткелдер жапырақ пен қоқыстан жедел тазартылды. Сегіз учаскенің барлығы проблемалық тізімге енгізіліп, анықталған кемшіліктерді жою жұмыстары ағымдағы жылдың қараша айының соңына дейін жоспарланған», — делінген хабарламада.

Алматы Төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, сағат 21:00-дегі жағдай бойынша жаңа су басқан учаскелер тіркелген жоқ. Сонымен қатар құрамында 1 579 адам бар 85 жедел бригада кезекшілікке шықты. Әкімдіктің баспасөз қызметі оларға 415 бірлік техника, 97 мотопомпа жұмылдырылып, 5 000-ға жуық құм салынған қап дайындалғанын хабарлады. Коммуналдық қызметтердің тәуліктік шығымы 3 250 жол жұмысшысы мен 1 225 бірлік арнайы техниканы құрайды.

«Синоптиктердің болжамынша, түнгі уақытта ауа температурасы 0… -2 градусқа дейін төмендейді. Температураның ықтимал төмендеуіне және көктайғақ пайда болуына байланысты Алматы тұрғындарына жолдарда сақ болуға және сапар жоспарлау кезінде ауа райы жағдайын ескеруге кеңес беріледі», — деп ескертті әкімдікте.

Бұған дейін біз Алматы әкімдігі қаладағы қатты жаңбырдың салдары туралы айтқанын хабарлаған болатынбыз. Атап өтілгендей, қалада бір түнде 36 мм жауын-шашын түскен.

Бүгін Алматы тұрғындары жаңбырдан кейін кейбір көшелердің су басуына шағымданды. Ал жүргізушілер жаңбыр салдарынан үлкен кептелістерге наразылық білдірді.