Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов үкіметтегі брифингте жасанды интеллектіні қолдану тәуекелдері туралы айтып, Алматы әкімдігінің қызметкерінің ЖИ көмегімен фотосуреттегі қоқысты өшірген әрекетіне түсініктеме берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Вице-министрдің айтуынша, жасанды интеллект адамдарды ешқашан алмастырмайды және әрқашан көмекші-ассистент рөлінде болады.

«Шартты түрде айтсақ, сіз ЖИ арқылы қандай да бір жұмысты жылдамдата аласыз, кейбір бизнес-процестерді автоматтандыра аласыз. Егер ақпарат ағыны көп болса, ЖИ-ді сүзгі ретінде пайдалануға болады. Бірақ кез келген жағдайда соңғы шешімді адам қабылдайды, біздің ұстанымымыз осындай. Әкімдік қызметкеріне келетін болсақ: мұнда ЖИ-дің кінәсі жоқ, мұнда ЖИ құрал ретінде әрекет етеді. Бұл жұмысты неге орындамағанын сол адамнан сұрау керек. Ал ЖИ мұнда таза құрал, оны жақсы мақсатта да, осындай мақсатта да пайдалануға болады. Менің қосарым осы», — деді Байтұрсынов.

Еске салайық, маусым айында Алматының Бостандық ауданы әкімдігінде ЖИ көмегімен фотосуреттегі қоқысты өшіріп, фотоны тазалау жұмысының нақты нәтижесі ретінде ұсынған шенеунік жұмыстан шығарылған болатын.