Қазақстанның екі мегаполисі әлемнің үздік 300 қаласының қатарына қайта енді, алайда бір жыл ішінде жаһандық рейтингтегі орнын нашарлатты. Oxford Economics компаниясы дайындаған Global Cities Index 2026 тізімінде Алматы 265-орынға, ал Астана 281-орынға жайғасты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бір жыл бұрын, 2025 жылғы рейтингте Алматы 258-сатыда, Астана 276-сатыда тұрған. Осылайша, өткен жылы оңтүстік астана жеті сатыға, солтүстік астана бес сатыға төмендеді. Соған қарамастан, екі қала да Орталық Азия қалалары арасындағы көшбасшылық мәртебесін сақтап қалды.
Қазақстандық мегаполистер ең үздік нәтижесін адами капитал деңгейі бойынша көрсетті. Бұл көрсеткіш бойынша Алматы 66-орынға, Астана 98-орынға тұрақтады. Екі қала да Анкара, Варшава, Прага, Таллин және Мәскеуді басып озды.
Айта кетейік, бір жыл бұрын Алматы адами капитал бойынша 64-орында еді. Бұл санатта қаланың кадрлық әлеуетінің сапасы мен ауқымы, білім деңгейі, кәсіби дағдылар, еңбек нарығының жай-күйі, сондай-ақ білікті мамандарды тарту және ұстап қалу қабілеті ескеріледі.
Экономикалық көрсеткіштер бойынша Астана 264-орынға, ал Алматы 288-сатыға орналасты.
Global Cities Index әлемнің 1000 ірі қаласын қамтиды. Oxford Economics оларды бес негізгі бағыт бойынша бағалайды: экономика, адами капитал, өмір сүру сапасы, экология және мемлекеттік басқару.
Рейтингті жасау барысында экономикалық көрсеткіштер, білім және еңбек нарығы, халықтың табысы, тұрғын үй құны, қауіпсіздік, қоршаған ортаның жай-күйі, сондай-ақ институттар мен реттеу сапасы ескеріледі. 2026 жылы алғашқы үш орынды Нью-Йорк, Лондон және Париж сақтап қалды.


