18 тамызда Алматы мен Атырауда қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) күтіледі, деп хабарлайды infohub.kz.
Синоптиктердің дерегінше, ҚМЖ Алматыда, ал түнде Атырауда болжанады.
Мамандардың түсіндіруінше, қолайсыз метеожағдай тымық ауа райы, әлсіз жел, тұман және температуралық инверсия кезінде қалыптасады. Соның салдарынан атмосфераның жерге жақын қабатында зиянды заттар жиналып, ауа сапасының нашарлауына әкеледі.
Синоптиктер мұндай кезеңдерде денсаулыққа кері әсер ету қаупі артатынын, әсіресе созылмалы аурулары бар адамдарға қауіпті екенін ескертеді.
Ауаның ластану деңгейіне желдің жылдамдығы, жауын-шашын, ылғалдылық және ауа температурасы әсер етеді.
Тұрғындарға көшеде, әсіресе автокөлік жолдары мен басқа да ластану көздерінің жанында болу уақытын қысқарту ұсынылады. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуден бас тартуға кеңес беріледі.
Тыныс алу және жүрек-қан тамырлары жүйесі аурулары бар адамдарға, сондай-ақ аллергиясы барларға қажетті дәрі-дәрмектерді өзімен бірге алып жүру ұсынылады. Мамандар ашық ауадағы физикалық белсенділікті шектеп, мүмкіндігінше жаттығуларды жабық үй-жайларға ауыстыруға кеңес береді.
Бұған дейін «Курсив» 18 тамызда Қазақстанның көптеген аймақтарында тұрақсыз ауа райы күтілетінін жазған болатын. Қазгидромет жаңбыр мен найзағайды, кей жерлерде бұршақ пен дауылды болжайды.


