Алматы әуежайында Астанаға баратын рейске тіркелу кезінде екі жолаушы қоғамдық тәртіпті бұзғаны және мас болғаны үшін рейске жіберілмеді, деп хабарлайды infohub.kz.
Көлік полициясы департаментінің мәліметінше, басқарма қызметкерлері әуекомпания өкілдерімен бірлесіп заңсыз әрекеттердің алдын алды. Тәртіп бұзушылар — 37 жастағы Алматы тұрғыны және 26 жастағы Түркістан облысының тұрғыны. Тіркеу кезінде екеуі де мас күйінде болып, қоғамдық тәртіпті бұзған. Ал кішісі былапыт сөйлеген.
Көлік полициясы департаменті бастығының бірінші орынбасары Теміржан Рамазановтың айтуынша: «Құқық бұзушылардың біріне қоғамдық орында мас күйінде жүргені үшін әкімшілік іс қозғалды. Ол бұған дейін де осындай құқық бұзушылық жасағандықтан, жиналған материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді. Екінші жолаушы екі бап бойынша — қоғамдық орында мас күйінде жүру және ұсақ бұзақылық үшін жауапқа тартылды».


