Алматы тұрғыны қоғамдық көлікте шабуыл жасалғанын хабарлады: оның айтуынша, қарт ер адам орын беруді сұрағаннан кейін оған қарсы тұншықтыру әдісін қолданған. Оқиға №227 автобуста болған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Threads әлеуметтік желісіндегі llyvdu атты қолданушы кешкі сағат 18:00 шамасында «Сейфуллина — Шолохов» аялдамасынан автобусқа отырып, артқы орындыққа жайғасқанын айтты. Қасында отырған ер адамнан орын беруін сұрағанда, ол күтпеген жерден ешқандай ескертусіз «тұншықтыру әдісін» қолданған. Қыз аяғымен және қолымен итеріп, сондай-ақ басқа жолаушының көмегінің арқасында босанып шыққан. Ол айналасындағыларды сақ болуға шақырып, болған оқиғаға назар аудартты.

Алматы полиция департаменті NUR.KZ тілшісіне бұл факті бойынша тексеру жүргізілгенін хабарлады. Құқық қорғау органдары оқиғаға қатысушыларды анықтап, шабуыл жасаған адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырды. Сот оған 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасын тағайындады.

Полиция қоғамдық тәртіп нормаларын сақтау және айналадағыларға құрметпен қарау қажеттігін еске салды. Жанжалды жағдайлар туындаған кезде азаматтарға құқыққа қайшы әрекеттерден аулақ болып, полицияға көмек сұрап жүгіну керектігін ескертті.