Алматыда автобус күтіп тұрған әйелге аялдама павильонының шынысы құлады. Оқиға Мақатаев (Назарбаев) аялдамасында болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қала тұрғыны Айым есімді әйел Threads парақшасында болған жайт туралы жазба жариялап, оқиға орнынан түсірілген суреттерді қоса берген. Фотосуреттерде павильонның жанындағы сынған шыны мен бірнеше жерінен жыртылған куртка көрінеді.

«Бүгін Алматыда Мақатаев (Назарбаев) аялдамасында отырып, автобус күтіп тұрғанмын! Ойламаған жерден үстіме аялдаманың шынысы құлады! Куртка киіп отырғаным жақсы болды. Бұл бейбастақтыққа кім жауап береді? Аялдамадағы шыныларды дұрыс бекітуге болмай ма? Бұл – адам көп жиналатын жер ғой! Қасымда кішкентай бала болып қалса ше?» – деп наразылық білдірген жазба авторы.

Жарияланымға Алмалы ауданы әкімдігі жауап берді. Ведомствоның жауабында мамандар RTS инвестор-компаниясымен байланысқаны көрсетілген.

«Біз RTS инвестор-компаниясымен байланыстық. Компанияның мәліметінше, аялдама павильонының зақымдалған шынысы ертеңге дейін ауыстырылады. Мамандар орнында зақымдалудың ықтимал себептерін де тексереді. Жұмыс аяқталған соң фотоесеп ұсынылады. Орындалуы бақылауда», – делінген жауапта.

Айта кетейік, осындай жауаптан кейін Threads-тің кейбір қолданушылары әкімдікті авторға жанашырлық танытпады деп айыптады, өйткені хабарламада кешірім сұрау және оның жағдайы туралы сұрақ болмаған.