Алматыда көлік құралын басқару құқығынан айырылған әйел Toyota Camry автокөлігін жүргізгені үшін ұсталды. Оқиға қаланың Бостандық ауданында болған, деп хабарлайды infohub.kz.

Патруль полицейлері түнгі сағат үште Сәтпаев пен Манас көшелерінің қиылысында шетелдік автокөлікті тоқтатқан. Рөлде Алматы облысының тұрғыны отырған. Құжаттарды тексеру барысында бұрын соттың әйелді мас күйінде көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айырғаны анықталған. Оған қарамастан, ол қайтадан рөлге отыруды жөн көрген.

Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік материал жинақталып, заңда көзделген шаралар қабылданды. Автокөлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды.

Полиция басқару құқығынан айыру — тікелей қауіпсіздік шарасы екенін еске салады. Сот шешімінен кейін рөлге қайта отыру жаңа жауапкершілікке әкеп соғады. Егер сот көлік жүргізуге тыйым салса, рөлге отыруға болмайды — мұндай шешімнің бағасы тым жоғары болуы мүмкін.