Алматыда жол жұмыстары үшін тағы бір жылжымайтын мүлік алына бастады: Түрксіб ауданындағы 23 жер телімі мәжбүрлеп иеліктен шығарылады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бұған мегаполис әкімі Дархан Сатыбалдының 2026 жылғы 23 қарашадағы қаулысы негіз болды. Құжатқа сәйкес, телімдер жол бойында орналасқан және Ахметов көшесі мен Закарпатская көшесін Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейін жалғап реконструкциялау үшін қажет.
«Алматы қаласының Түрксіб ауданында орналасқан, Ахметов көшесін, Закарпатская көшесін Үлкен Алматы айналма автомобиль жолына дейін жалғап реконструкциялау үшін мемлекеттік мұқтаждарға жер телімдерін алуға байланысты 23 жер телімін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығаруды бастау», — делінген қаулыда.
Құжатта алынатын телімдердің нақты мекенжайлары көрсетілмеген. Мәжбүрлеп иеліктен шығару мерзімі 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін белгіленген.
«Қала жер орталығы» мемлекеттік кәсіпорны меншік иелерін заңнамада белгіленген тәртіппен хабардар етуге тиіс. Әкім Алматының жер қатынастары басқармасына жер телімдері иелеріне өтемақы төлеуді қамтамасыз етуді тапсырды.
Түсініктеме алу үшін меншік иелері мына мекенжайға жүгіне алады: Алматы, Алмалы ауданы, Төле би көшесі, 155, 6-қабат, 603-кабинет.


