Алматы мәслихатының кезектен тыс сессиясында қала әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов кешенді қала құрылысы сараптамасынан оң қорытынды алған 2040 жылға дейінгі Бас жоспарды түзету жобасының негізгі ережелерін таныстырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Оның айтуынша, Бас жоспарды түзету жұмысының маңызды бөлігі қала тұрғындарымен өзара іс-қимыл болды. Қоғамдық талқылаулар барысында түскен ұсыныстар мен өтініштер талданып, заңнама мен қала құрылысы шектеулерін ескере отырып, мүмкін болған жерлерде жобалық шешімдерде көрініс тапты. Стратегиялық экологиялық бағалауға және Бас жоспарды іске асыруды одан әрі қоғамдық бақылауға ерекше назар аударылды.
«Бас жоспарды одан әрі іске асырудың маңызы зор. Құжатты бекіту қаланың одан әрі дамуының негізі болып табылады, алайда онда көзделген шешімдерді дәйекті орындау негізгі кезең болмақ. Осыған байланысты Бас жоспардың іске асырылуын, құрылыс параметрлерінің сақталуын, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымның уақтылы дамуын, сондай-ақ жасыл және табиғи аумақтардың сақталуын үнемі мониторингілеуді қамтамасыз ету қажет. Халықпен кері байланыс және тұрғындарды негізгі жобалардың іске асырылуы туралы хабардар ету маңызды құрамдас бөлік болып қала береді. Бұл қала құрылысы шешімдерінің ашықтығын арттырып, демографиялық, көліктік, экологиялық және әлеуметтік жағдайдың өзгерістерін уақтылы ескеруге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Бейбіт Шаханов.
Әкім орынбасары атап өткендей, жаңартылған құжат өзекті деректерге негізделген және экологиялық, сейсмикалық, көліктік, әлеуметтік және инфрақұрылымдық шектеулерді ескере отырып, қаланың теңгерімді дамуына бағытталған.
«Қаланың алдында Алматының табиғи әлеуетін сақтау, жайлы қалалық ортаны қамтамасыз ету, көлік байланысын арттыру, халықтың өсуі үшін қажетті жағдайлар жасау және сонымен бірге қаланың тарихи бірегейлігін сақтау міндеті тұр», – деп қосты Бейбіт Шаханов.


