11 қыркүйектен бастап Алматы-Бішкек тасжолының бір бөлігінде ірі габаритті және ауыр салмақты көліктерге уақытша шектеу енгізіледі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«КазАвтоЖол» ҰК» АҚ мамандары республикалық маңызы бар Алматы-Бішкек автожолының 25-шақырымында, Қаскелең қаласының маңында көлік айрығының монолитті аралық құрылымын орнату жұмыстары жүргізілетінін ескертті. Осыған байланысты 11 қыркүйектен бастап аталған учаскеде биіктігі 4,5 метрден және ені 8 метрден асатын көлік құралдарының қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі.
Шектеу құрылыс жұмыстары толық аяқталғанға дейін, яғни 2026 жылдың соңына дейін жалғасады. Бұл ретте ол жеңіл және жолаушылар көліктеріне, сондай-ақ белгіленген габариттік параметрлерден аспайтын жүк көліктеріне қолданылмайды.
Ірі габаритті және ауыр салмақты көлік жүргізушілеріне бағытты алдын ала жоспарлап, баламалы жолдарды пайдалану ұсынылады. Жол қозғалысына қатысушылардан енгізіліп жатқан шектеулерді түсіністікпен қабылдауларын сұрайды.


