Алматылық блогер үш әйелмен өмірі туралы ашық айтқаны үшін жазаланды, деп хабарлайды infohub.kz.
Алматы полиция департаментінің мәліметінше, Бауыржан Бакытжанұлына ҚР ӘҚБтК-нің 456-2-бабы 3-1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Полиция оның контентін Қазақстан заңнамасына және жалпы қабылданған моральдық-адамгершілік құндылықтарға қайшы келетін өмір салтын насихаттау деп атады. Бұл үшін 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
«Әлеуметтік желілер – жұртшылықтың ақпараттық кеңістігі. Заң талаптарына қайшы келетін және отбасы институтына, жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларға құрметті әлсірететін мінез-құлық үлгілерін насихаттайтын контент тарату заңда көзделген жауапкершілікке әкеп соғады», – деп ескертті полиция.
Полицияның дерегінше, профилактикалық әңгімеден кейін блогер даулы жазбаларын ерікті түрде алып тастаған. Алайда оның Instagram-дағы парақшасында көп әйелділік туралы жазбалар әлі де кездеседі — тек кейбірі ғана жойылған.
Бұған дейін блогердің не айтқаны және оның ашық әңгімелері неліктен қазақстандықтардың наразылығын тудырғаны хабарланған.


