Алматыда ақша бопсалады деп күдіктелген адамдар ұсталды: олар ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері болып таныстырып, қарумен қорқытып, мегаполис тұрғынынан ақша талап еткен, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ішкі істер министрлігінің ведомстволық сайты хабарлағандай, 10 тамызда бір топ адам алдын ала сөз байласып, жәбірленушіні бақылап жүрген. ҰҚҚБ қызметкерлері болып таныстырып, тапаншамен қорқытқан қылмыскерлер оны көлікке мәжбүрлеп отырғызып, қала сыртына алып шыққан.
«Қысым көрсете отырып, олар жәбірленушіні туысына қоңырау шалдыруға мәжбүрледі, ол өз кезегінде олар көрсеткен нөмірге 3 млн теңге аударып берді», — деді ІІМ-де.
Осы ауыр қылмысты жасағаны үшін ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері бұрын сотталған төрт адамды ұстады, олардың біреуі бұрын кісі өлтіргені үшін жазасын өтеген.
«Олардың барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тінту барысында екі мылтық, карабин, газ тапаншасы және оқ-дәрілер табылып, тәркіленді. Тергеу жалғасуда», — деді полицияда.
Құқық қорғау органдары Ақтөбе облысында да осындай қылмыстық іс қозғалғанын қосты. Онда бұрын сотталған өңір тұрғыны ұсталды, ол да ҰҚҚБ қызметкері болып таныстырып, шантаж және психологиялық қысым арқылы жергілікті тұрғындардан ақша бопсалаған.
«Азаматтарды сақ болуға және құқық қорғау органдарының қызметкерлері болып таныстырып жүрген адамдардың қорқытуы мен қысымына берілмеуге шақырамыз. Осындай жағдайлар туындаған кезде дереу полицияға жүгіну қажет. ІІМ азаматтардың қауіпсіздігі мен заңды мүдделеріне қарсы бағытталған қылмыстарды анықтау және жолын кесу жұмысын жалғастырады», — деп қосты ведомствода.


