Алматы қалалық перинаталдық орталығында шұғыл ота екі өмір үшін күреске айналды: 35 апталық жүкті 40 жастағы әйелге кесарь тілігі жасалып, сонымен қатар үлкен ісік алынды, деп хабарлайды infohub.kz.

Медициналық мекеменің мәліметінше, науқас мезгілінен бұрын суы кетіп түскен. Тексеру кезінде ұрықтың қан айналымы бұзылғаны анықталып, шұғыл босандыру талап етілді. Ота барысында хирургтар 20×25 сантиметрлік миоманы және ішектің жатырмен жабысып қалғанын байқаған.

Отаға Алматы онкологиялық орталығының онкогинекологы Райхан Болатбекова шақыртылды. Бірлескен күш-жігердің арқасында дәрігерлер босандырумен қатар, салмағы 5,1 келі болатын ісікті алып, науқастың жатыры мен репродуктивті қызметін сақтап қалды. «Нәтижесінде дәрігерлер босандырып қана қоймай, 5,1 келілік ісікті алып, әйелдің жатырын және бала көтеру қабілетін сақтап қалды. Бұл болашақта оның қайтадан ана болуына мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.

Салмағы 2,2 келі болатын шарана шала туылды, бірақ реанимацияда бақылаудан кейін оның жағдайы тұрақталды. Қазір ана мен бала үйлеріне шығарылып, өздерін жақсы сезінуде.

Әдетте миома түйіндерінің салмағы бірнеше грамнан 800 грамға дейін болады, бірақ асқынған жағдайларда олар бірнеше келіге жетуі мүмкін. Бұған дейін Қазақстанда бір күнде 30 қатерлі ісік жағдайы анықталғаны хабарланған болатын.