Алматыда отыру орындарын көбейтуді көздеген Орталық стадионды қайта жаңғырту жобасы тоқтатылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қаланың Бостандық ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Журналистер аудан әкімінен қалаға әлем жұлдыздары жиі келе бастағанына байланысты Орталық стадионға күрделі жөндеу жүргізілетін-жүргізілмейтінін сұрады.
«Бұрын Орталық стадионды отыру орындарын көбейте отырып қайта жаңғырту жобасы қарастырылған. Алайда бүгінде жаңа стадионның құрылысына байланысты бұл тоқтатылды», — деді Азамат Қалдыбеков.
Оның айтуынша, нысанға жыл сайын ағымдағы жөндеу жүргізіледі: аумақ ретке келтіріліп, асфальт төселеді, қасбет жұмыстары жүргізіледі.
«Орталық стадионды кешенді күрделі жөндеу мәселесі күн тәртібінде тұр, ол қарастырылуда», — деп сендірді Қалдыбеков. Сонымен қатар оның айтуынша, күрделі жөндеудің нақты мерзімі әзірге белгісіз.
Еске салайық, 2025 жылдың тамызында Алматыда халықаралық деңгейдегі заманауи стадион салынатыны белгілі болған. Сол жылдың желтоқсанында стадион 35 мың орынға есептелгені хабарланды. Сондай-ақ спорт нысанының макеті жарияланған.
Алайда жақында Алматы әкімдігінде УЕФА стандарттары бойынша салынып жатқан стадион 35 мың емес, 45 мың орынға есептелгенін мәлімдеді. Оның сыртқы көрінісі де басқаша болады.


