Алматының Бостандық ауданында «Игілік Бостандық» бастамасы аясында көппәтерлі тұрғын үй қорын жаңғырту жұмыстары аяқталды — қасбеттер мен шатырларды жаңартуға 272 млн теңге жеке инвестиция жұмсалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Бостандық ауданының әкімі Азамат Бескемпірұлы Қалдыбеков мәлімдеді.

Розыбакиев көшесі, 250 мекенжайындағы 141 пәтерлі тұрғын үйдің жаңғырту жұмыстары аяқталды. Аудан әкімдігі 250 млн теңге жеке инвестиция тартуды үйлестіріп, үй тұрғындарын да, жергілікті бюджетті де қаржылық шығыннан толық босатты. Ғимараттың қасбет құрылымдары заманауи жылу оқшаулағыш панельдерді қолдану арқылы толық жаңартылып, кешкі уақытта ғимарат сұлбасын айқындайтын көркем контурлық жарық орнатылды.

«Магистральді көшелер бойындағы тұрғын үй қорын жаңғырту Алматының біртұтас сәулет стилін қалыптастырады. Розыбакиев, 250 мекенжайында тартылған инвестиция есебінен біз үйдің сыртқы келбетін жаңартып қана қоймай, оның энергия тиімділігін де арттырдық», — деп атап өтті Азамат Қалдыбеков.

Сонымен қатар ауданда тұрғындардан ақша жинамай-ақ ескі шатырлар мәселесі шешілді: «Көктем-3» шағын ауданында тартылған 15 млн теңгеге құрылысшылар №9 үйдің 750 м² жұмсақ шатырын жылу оқшаулағыш қабатын ауыстырып, желдету шахталарын герметизациялай отырып күрделі жөндеуден өткізді, ал Назарбаев даңғылы, 237 мекенжайында 7 млн теңге демеушілік қаражат есебінен 320 м² гидрооқшаулағыш жабын күрделі жөнделді, бұл қыс алдында су ағу мәселесін толық шешті.