Алматыда 40 жастағы ер адам үйінде құрылыс жұмыстары кезінде ауыр жарақат алды. №7 қалалық клиникалық ауруханасының дәрігерлері күрделі көп сатылы ем жүргізіп, жыныс мүшесінің протезін орнатты, деп хабарлайды infohub.kz.
Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқас ауруханаға жамбас сүйектерінің сынуы және зәр шығару каналының қуықтан толық ажырауымен түскен. Мұндай жарақаттар урология мен травматологиядағы ең ауыр түрлердің бірі саналады және өлімге әкелуі мүмкін. Қолайлы жағдайда да олар жиі зәр шығарудың ауыр бұзылыстарына, ауыр мүгедектікке және организмнің маңызды функцияларының жоғалуына әкеледі.
Ем бірнеше кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде дәрігерлер жамбас сүйектерінің репозициясын жасап, зақымдалған аймақты айналып өтіп, зәрді бұру үшін эпицистостома қойды. Содан кейін зәр шығару жолдарының тұтастығын қалпына келтіру үшін күрделі реконструктивті операция жасалды: зәр шығару каналы қуықпен қосылып, табиғи зәр шығару қалпына келтірілді.
Ауыр жарақат салдарынан пациент эректильді функциясынан да айырылды. Өмір сапасын қалпына келтіру үшін мамандар фаллопротездеу жасап, жыныс мүшесінің протезін орнатты.
Кезеңдік емнің және мультидисциплинарлық дәрігерлер тобының үйлесімді жұмысының арқасында пациент толық оңалды, қалыпты өмірге және әлеуметтік белсенділікке оралды. Кейін оған бұрын белгіленген мүгедектік алынып тасталды.
№7 қалалық клиникалық ауруханасының директоры, PhD докторы Нұрдос Қадырбеков бұл клиникалық жағдай заманауи урология мен реконструктивті хирургияның мүмкіндіктерін көрсететінін атап өтті. «Мұндай зақымданулар клиникалық тәжірибеде ең ауыр және сирек кездесетіндердің бірі болып саналады. Біздің мамандардың кәсібилігі мен заманауи технологияларды қолданудың арқасында пациентті құтқарып қана қоймай, жоғалған функцияларды қалпына келтіріп, оған толыққанды өмір сапасын қайтаруға мүмкіндік туды», — деп атап өтті ол.


