Алматыда діни экстремизмді насихаттады және дінаралық араздықты қоздырды деген күдікті ер адам ұсталды. Ол ұзақ уақыт бойы Ішкі істер министрлігінің бақылауында болған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

ІІМ-нің ақпараттық медиапорталында мәлім еткендей, жедел қызметкерлер 44 жастағы күдіктінің құқыққа қайшы әрекетін анықтап, құжаттау жөніндегі ұзақ жұмысты аяқтады.

«Тергеу деректеріне сәйкес, ер адам 2024 жылдан бері Қазақстаннан тыс жерде болып, сол жақтан радикалды идеяларды таратуды жалғастырған. Ол жабық Telegram-топтарды басқарып, онлайн-дәрістер өткізіп, өз ізбасарларына идеологиялық ықпал еткен», — деп хабарлады ведомствода.

Күдікті шетелде жүргеніне қарамастан, оның әрекеті құқық қорғау органдарының назарында болды.

«Бұған дейін оның бірқатар аудиодәрісі терроризмді насихаттау және діни араздықты қоздыру белгілері бойынша сот шешімімен экстремистік материал деп танылған. Ер адам шетелдік теологиялық оқу орындарында діни білім алғаны анықталды. Пікірлестері арасындағы беделін пайдаланып, 2024-2025 жылдары олардан 60 млн теңгеден астам қаражат алған», — деп қосты ІІМ-де.

11 қарашада жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті Алматыда ұсталды. Сол уақытта Жамбыл облысында да тергеу әрекеттері жүргізілді. Тінту барысында экстремистік идеология белгілері бар діни әдебиет пен қолжазба материалдар тәркіленді.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда ІІМ қызметкерлері құқыққа қайшы әрекеттің барлық мән-жайын, ықтимал сыбайластарды және өзге де қатысы бар адамдарды анықтау жұмысын жалғастырып жатыр.