Алматыда жүздеген отбасы жылдар бойы ақшасын төлеген пәтерлерін ала алмай немесе салған қаражатын қайтара алмай жүр. Ал кейбір үйлер сот шешімімен бұзылуға тиіс. Қаладағы жеті тұрғын үй кешенінің үлескерлері әкімдікке құрылысы аяқталмаған тұрғын үй мәселесін реттеуді талап етіп жүгінді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Зардап шеккен сатып алушылардың бірі — Алмат Нугурбеков. Ол шамамен бес жыл бұрын Талғардағы үйін сатып, «Швейцария» тұрғын үй кешенінен пәтер алған. Құрылыс салушы бір жылдан кейін кілт тапсырамыз деп уәде берген. Алайда ер адам баспанасын ала алмады. Кейін кешен құрылысы тоқтатылғанын білді.
«Мұндағы тұрғындардың бәрі наразы болып, әкімдікке барды. Он бес реттей әкімдікке барыппыз. Бірақ әлі күнге дейін ештеңе шешілмейді, ешкім мойнына алмайды. Барлығы бас сотқа сілтеме жасайды. Соттан кейін бәрі шешіледі», — деді Алмат Нугурбеков.
Осы кешеннен пәтер алған тағы бір тұрғын — Зухра Койтанова. Ол ипотека рәсімдеген, бірақ көшіп кіре алмаған. Әйелдің айтуынша, құжаттардағы мәселелер мен соттың бұзу туралы шешімін ол бірнеше жылдан кейін ғана білген.
«Барлығы заңды көрінді, сондықтан сендік. Рәсімдедік, барып көрдік, бәрі ұнады. Тек төрт, жоқ, үш жылдан кейін оның құжаттары жоқ екенін білдік. Оның үстіне, соттың бұзу туралы шешімі бар екен», — деді Зухра Койтанова.
КТК телеарнасының дерегінше, сот құрылыстағы өрескел бұзушылықтарға байланысты «Швейцария» тұрғын үй кешенінің бес үйін бұзуға үкім шығарған. 150-ден астам сатып алушы баспанасыз және салған қаражатынсыз қалудан қорқады.
Осыған ұқсас мәселелерді тағы алты кешеннің үлескерлері айтып отыр. Заңгер Андрей Казначеев осы мәселелерді шешу үшін құрылған ведомствоаралық комиссия сегіз ай ішінде түбегейлі нәтижеге қол жеткізе алмағанын мәлімдеді.
«Үлескерлердің мәселелерін шешу үшін ведомствоаралық комиссия құрылды. Алайда сегіз ай өтті, осы комиссия бойынша ешқандай түбегейлі шешім көріп отырған жоқпыз. Адамдарды шақырмайды, жинамайды. Біз қойып отырған барлық сұрақтарымыз бен өтініштеріміз еленбейді», — деді Андрей Казначеев.
Әкімдікте жұмыстың жалғасып жатқанын хабарлады. Жекелеген нысандар бойынша әлеуетті инвесторлар табылған. Атап айтқанда, MontBlanc тұрғын үй кешенінің жер телімін сатып алу мәселесі талқылануда.
«MontBlanc тұрғын үй кешені бойынша ведомствоаралық комиссия инвестор мен үлескерлер арасындағы келіссөздердің нәтижесіне қол жеткізді. Инвестор үлескерлердің мәселесін шешу үшін жер телімін толық сатып алуға дайын. Сондай-ақ «Швейцария» және «Тау-Көктем» сияқты проблемалық нысандар бар. Аталған нысандар бойынша қылмыстық істердің аяқталуы күтілуде», — деді Алматы қалалық сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары Көкен Жарқынбек.
Үлескерлердің мәселелерін шешу мерзімі мен бұзылуға тиіс үйлердегі пәтер сатып алушыларға ақшаны қайтару тәртібі әзірге белгісіз.


