Алматының екі тұрғыны әлеуметтік желілердегі тікелей трансляциялар кезінде балағат сөздер айтқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полицейлер бұзушыларды әлеуметтік желілерді мониторингілеу барысында анықтап, олардың әрекетін ұсақ бұзақылық деп саралады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Алғашқы оқиға TikTok платформасында тіркелді. Тәртіп сақшыларының дерегінше, әйел тікелей эфир барысында, болжам бойынша алкогольдік масаң күйде, көпшілік көзінше балағат сөздерді айтқан. Полицейлер бұзушының жеке басын анықтады — ол 42 жастағы алматылық әйел болып шықты. Сот оны кінәлі деп танып, 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл тағайындады.
Көп ұзамай осындай жағдайға тағы бір қала тұрғыны тап болды. 44 жастағы ер адам пайдаланушыларға қатысты қорлайтын сөздер мен балағат айтқан. Полиция қызметкерлері құқықбұзушылықты анықтап, трансляция авторын белгілеп, қажетті материалдарды жинады. Сот оған да 86 мың 500 теңге мөлшерінде айыппұл салып, қосымша алты ай мерзімге мінез-құлыққа ерекше талаптар белгіледі.


