Алматыда 44 жастағы ер адам электросамокаттан құлап, қаза тапты. Бұл оқиға түнде Варламов көшесінде, Төле би даңғылының маңында болған, деп хабарлайды infohub.kz.

Алдын ала мәліметтер бойынша, ер адам басқаруды жоғалтып, бордюрге соғылып, құлаған. Полиция қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.

Құлау салдарынан алматылық өмірмен сыйыспайтын жарақат алған. Оқиға орнына келген дәрігерлер реанимациялық шаралар жүргізгенімен, ер адамды құтқару мүмкін болмады.

Алдын ала ақпарат бойынша, ол жүру кезінде қорғаныс дулығасын және басқа да жеке қорғаныс құралдарын кимеген.

Полиция электросамокат пайдаланушыларына қауіпсіздік шараларын сақтауды, қорғаныс дулығасын және басқа да қорғаныс құралдарын қолдануды ескертеді.

Бұған дейін 25 тамыздан бастап электросамокаттарға тротуарларда жүруге тыйым салынғаны хабарланған. Олар веложолдарда, велосипед жолақтарында және жолдың жиегінде жүре алады. Полиция ережелердің сақталуын электросамокаттағы патрульдер, бейнебақылау камералары және дрондар арқылы бақылауды жоспарлап отыр.

ІІМ деректеріне сәйкес, жыл басынан бері электросамокаттардың қатысуымен 139 жол-көлік оқиғасы тіркелген, онда екі адам қаза тапқан. Сонымен қатар, 1 шілдеден бастап электросамокат пайдаланушылары жол қозғалысының толыққанды қатысушылары болды: жаяу жүргіншіге басымдық бермегені үшін 2 АЕК — 8 650 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған.