Жыл басынан бері Алматыда жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 18 мыңнан астам электросамокат пайдаланушысы жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды infohub.kz.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қалалық полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев самокат жүргізушілері арасындағы бұзушылықтарды анықтау әдістері туралы айтты.
Оның айтуынша, электросамокаттарды пайдалануды реттейтін және оларды толыққанды көлік құралы деп танитын жаңа заңнамалық талаптар енгізілді. Самокат басқаратындар мен кикшеринг компаниялары үшін бірқатар міндеттемелер қарастырылған.
Дайындық кезеңінде қаладағы жол қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін қолданылатын автоматтандырылған жүйелермен, оның ішінде «Сергек» жүйесімен белсенді жұмыс жүргізілді. Қазіргі уақытта кикшеринг компанияларының деректерін полиция мен «Сергек» дерекқорымен біріктіру жұмыстары жүргізілуде, бұл электросамокат жүргізушілері жіберетін құқық бұзушылықтарды жедел анықтауға мүмкіндік береді.
Тимур Ноғайбаев қазір бұзушылықтарды патрульдік полиция, учаскелік инспекторлар және мобильді электропатрульдер анықтайтынын қосты.


