Алматыда 54 жастағы ер адам электросамокатпен жүріп, жол-көлік оқиғасында қаза тапты. Алдын ала деректерге қарағанда, ол Шығыс айналма автожолымен шамамен 90 км/сағ жылдамдықпен келе жатқан, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Апат түнде болған. Бейнебақылау камералары мен видеотіркегіштердің кадрларында көрінгендей, самокат жүргізушісі жолдың сол жақ шетімен келе жатып, алдындағы көлікті басып озуға бел буды. Басып озу кезінде ол рөлге ие бола алмай, асфальтқа құлады. Соққыдан ер адамның қорғаныш дулығасы ұшып кетті.

Оқиға орнына полицейлер мен жедел жәрдем келді, алайда зардап шеккен адам алған жарақатынан көз жұмды. Оқиға фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, болған жайдың барлық мән-жайы анықталуда.

Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері Алматыда электросамокат қатысқан 91 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оларда 96 адам жарақат алған.

Тамыз айының соңында «Курсив» Варламов көшесінде электросамокаттан құлаған 44 жастағы алматылықтың қаза тапқанын жазған болатын. Сонымен қатар ІІМ дерегінше, 2026 жылдың 8 айында Қазақстанда электросамокат қатысқан 139 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оларда екі адам қаза тапты.

Полиция электросамокаттың жол қозғалысына қатысушы екенін және оны пайдалану ережелерді сақтауды талап ететінін еске салды.

Бұған дейін Курсив Авто 25 тамыздан бастап самокаттарға арналған ЖҚЕ-ге елеулі өзгерістер күшіне енгенін жазған еді.