Алматыда полиция қызметкерлері есірткі таратуға күдікті әйелдің әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Алматы полиция департаменті Instagram-дағы парақшасында 2,5 кг есірткі мен жүздеген дайын закладканың тәркіленгенін хабарлады. Арнайы операция Түрксіб ауданында жүргізілді — полиция мәліметінше, есірткі сату схемасында «қойма» рөлін атқаруы мүмкін әйел ұсталды.
«Жеке тінту кезінде одан ұялы телефон табылды. Негізгі табылған заттар көлікте болды. Полицейлер құрамында есірткі бар 50 ораманы, сондай-ақ ұнтақ тәрізді зат салынған бірнеше ірі қаптаманы тәркіледі. Тәркіленген заттардың жалпы массасы 2,5 кг құрады. Сонымен қатар, зип-пакеттер мен изолента — есірткіні орауға және одан әрі сатуға дайындауға қажеттінің бәрі табылды», — деді полицияда.
Алматы ПД-да ұсталған әйелдің бұған дейін жасаған қоймаларының орындарын көрсеткенін қосты. Нәтижесінде жедел уәкілдер есірткі заты бар тағы 150 ораманы тауып, тәркіледі.
«Алдын ала мәліметтер бойынша, ұсталған әйел есірткінің заңсыз айналымына қатысқан. Оның рөлі ірі партияларды қабылдау, сақтау, орау және кейін курьерлерге беру үшін "мастер-кладтар" дайындау болды. Тәркіленген заттар сот сараптамасына жіберілді», — деп нақтылады полицияда.
Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.


