26 жастағы Александр Артуков Алматыдағы №4 қалалық клиникалық аурухананың күйік бөлімінде бір ай бойы өмір үшін күрестен кейін үйіне оралуда. Газ баллоны жарылғанда ол ауыр термиялық күйік және баротравма алған. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Дәрігерлердің айтуынша, ер адамның үй ауласындағы қорада газ баллоны жарылған. Зардап шеккен адам ауыр күйікпен аурухананың қабылдау бөліміне жеткізілген. «Пациентке баротравма, денесінің 89%-інің термиялық күйігі, оның 15%-і терең күйік, сондай-ақ сол қолының ауыр жарақаты — жұмсақ тіндерінің кең зақымдануы диагнозы қойылды. Ауруханаға түскен алғашқы минуттарда дәрігерлер қарқынды шокқа қарсы терапияны бастады», — делінген хабарламада.

Сол күні Александрға зақымдалған қолды қалпына келтіру үшін шұғыл ота жасалды. Келесі апталарда ем күйік бөлімінде жалғасты. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, пациент бірнеше хирургиялық ем кезеңінен өтті, соның ішінде тері ауыстыру (аутодермопластика) және зақымдалған аяқ-қолға реконструктивтік оталар. Осы уақыт бойы дәрігерлер күн сайын өмірлік маңызды органдардың жұмысын, аспаптық-зертханалық көрсеткіштерді бақылап, науқастың жағдайына қарай емді түзетіп отырды.

«Пациент бізге өте ауыр жағдайда келді. Төрт тәулік бойы реанимацияда жатты, жағдайы тұрақтағаннан кейін күйік бөліміне ауыстырылды. Мұндай аумақтағы күйік — әрқашан дәрігерлер үшін ең күрделі сынақтардың бірі. Клиниканың көпсалалы командасының үйлесімді жұмысының арқасында науқастың өмірін сақтап қалдық», — деді күйік бөлімінің меңгерушісі Елдос Әлменов.

Александр Артуков ем кезінде көмек пен қолдау көрсеткен дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне алғыс білдірді. Оның айтуынша, дәрігер-кардиологтар, терапевтер, травматологтардың арқасында ем өте жақсы өткен. «Барлық процедуралар кәсіби түрде және іс жүзінде ауыртпалықсыз ұйымдастырылды. Маған тек физикалық емес, сонымен қатар эмоционалдық қолдау да көрсетті, өйткені мұндай жарақаттарды жеңу өте қиын. Барлық медицина қызметкерлеріне — санитарларға, медбикелерге, дәрігерлерге, анестезиологтарға үлкен рахмет айтқым келеді. Кәсібиліктеріңіз үшін барлығыңызға өте ризамын», — деді науқас. Алда Александрды ұзақ уақыт реабилитация күтіп тұр.