Алматыда «Ғылым қоры» акционерлік қоғамына ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға бөлінген қаражатты жымқыру туралы қылмыстық істің тергеуі аяқталды: айыпталушы қамауға алынып, оның 830 млн теңге тұратын мүлкіне сот санкциясымен тыйым салынды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, «Bal halal» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директорына қатысты тергеуді Агенттіктің Алматы қаласы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен аяқтаған.
Тергеу дерегінше, 2023–2024 жылдары «Bal halal» ЖШС өсімдік шикізатынан инновациялық макарон өнімдерін және микронутриенттермен байытылған ұн өндіруді көздеген төрт жоба бойынша 1,15 млрд теңге қаржыландыру алған.
Бөлінген қаражат жабдық сатып алуға, өндірістік үй-жайларды дайындауға, шикізат пен қосалқы бөлшектерді алуға, монтаждау және жөндеу жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ дайын өнім шығаруды ұйымдастыруға арналған. Алайда тергеу эксперименттері барысында сатып алынған жабдық жобаларда көзделген өнімді шығаруға мүмкіндік бермейтіні анықталды.
Ақшаны шығару үшін аффилиирленген тұлғаларға тіркелген «SMART 15» ЖШС пайдаланылған: жабдық пен өзге қызметтердің ақысы деген желеумен бұл компанияның шотына 736,4 млн теңге аударылған. Сонымен қатар схемаға өзге де кәсіпкерлік субъектілері, оның ішінде «Фабрика рекламы Шымкент» ЖШС, «Jana tan» ЖШС және «Sisters Brand KZ» жеке кәсіпкері қатысқан.
Агенттікте атап өткендей, жобалардың іске асырылуын бақылау формальды сипатта болған: мониторинг актілері өндірістік нысандарға нақты барып, орындалған жұмыстарды тексермей-ақ жасалған. Құжаттарды «Bal halal» ЖШС қызметкерлері дайындап, мониторинг топтарының мүшелері қол қойған, бұл мемлекеттік қаражаттың жұмсалуына тиісті бақылау жасалғандай көрініс туғызған.
Тергеу дерегінше, ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырған соң, күдікті оны заңдастыру мақсатында «Bal halal» ЖШС банк шоттарына 88,5 млн теңгені қолма-қол енгізіп, оны жобаларды бірлесіп қаржыландыруға салынған өз қаражаты ретінде көрсеткен. Жалпы залал 945 млн теңгені құрады.
Қазіргі таңда күдікті қамауға алынған. Сот санкциясымен оның 830 млн теңге тұратын мүлкіне, оның ішінде бес жер теліміне, төрт автокөлікке, астанадағы пәтерге, коммерциялық үй-жайға және зергерлік бұйымдарға тыйым салынды.


