Алматы хайуанаттар бағында көптен күткен оқиға болды: Пржевальский жылқысының Курбанкүл атты биесі құлындады. Құлынды Желмая деп атады, бұл анасының екінші төлі. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлады.
Хайуанаттар бағы ақбөкен, ақ аю, ақ иықты субүркіт және Пржевальский жылқысын сақтау бағдарламаларына қатысады. Қызыл кітапқа енгізілген Пржевальский жылқысынан төл алу – бұл сирек түрді болашақ ұрпаққа сақтауға қосылған нақты үлес, деп атап өтті хайуанаттар бағында.
«Дәл осы себепті біздің жылқылар келушілер үшін жабық «тыныш» аймақта тұрады, олардың тыныштығын ешнәрсе бұзбайды. Қазір Курбанкүл, Желмая және әкесі Мерей бөлек тұрады, мамандардың қамқорлығына бөленген», — делінген хабарламада.
Құлын 14 маусымда дүниеге келгені анықталды. Пржевальский жылқысы – Қазақстанның Қызыл кітабы мен Халықаралық табиғатты қорғау одағының (ХТҚО) Қызыл тізіміне енгізілген жабайы жылқылардың ең сирек түрлерінің бірі.


