Алматыда әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан кейін полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп жатыр. Кадрларда әйел жүргіншімен жанжалдасып, оған өз итін лақтырған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Криминальный Казахстан» Telegram-арнасының мәліметінше, Алматыдағы №52 автобустың жолаушылары итке қатыгездік танытқан, былапыт сөйлеп, «фас» деп бұйрық берген әйелді бейнеге түсіріп алған.

Кейін, куәгерлердің айтуынша, ол көшеде итті тұншықтырып, тепкен. Жүргіншілер жағдайға араласуға тырысқан. Сонда әйел жануарды оларға қарай лақтыра бастаған. Алайда жүргіншілер итті алып қала алған.

«Бірнеше жігіт итті әйелден тартып алды. Олар оны тамақтандырып, ветеринарға апарды, қазір жануарға жаңа үй іздеп жүр», — делінген жарияланымда.

Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі NUR.KZ тілшісіне әлеуметтік желіде тараған бейнежазба бойынша Ауэзов ауданының полицейлері тексеру жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

«Кадрларда қолындағы итті жүргіншімен жанжал кезінде пайдаланған әйелдің әрекеттері тіркелген. Осыған байланысты оқиғаға қатысушылардың жеке басы мен болған жағдайдың барлық мән-жайы, соның ішінде жануарға қатысты әрекеттер анықталып жатыр», — деді ведомствода.

Тексеру қорытындысы бойынша әйелдің әрекеттеріне қатаң құқықтық баға беріліп, тиісті процестік шешім қабылданады, деп уәде етті тәртіп сақшылары.

«Жануарларға мұндай қарым-қатынасқа жол берілмейді. Әр адам оларға адамгершілікпен және жауапкершілікпен қарауға, оларға азап немесе зиян келтіруі мүмкін әрекеттерге жол бермеуге міндетті», — деп шақырды полицейлер.

Назар аударыңыз, бейнежазбада былапыт сөздер бар!